БАЛЛАДА (лат. ballo. прованс, balada-билеймін, нем. ballade, франц.ballade, итал.ballata-би әні), әдебиетте -поэзияның шағын сюжетті лирикалық жанры. Б. жанр ретінде орта ғасырларда Бат. Еуропа өнерінде қалыптасты. Алғашында роман шоғырына жататын тілде сөйлейтін халықтарының сюжетті әндерін Б. деп атаған. Әдебиеттегі 12 -13 ғ-лардағы трубадурлар мен труверлердің дәстүрлі халық өлеңдері мен әндеріне негізделген шығармалардан бастау алады. 13-15 ғ-ларда Францияда полифониялық рефренді әндер (Гильом де Машо). Англияда эпик. тынысты,лирикалық нәзік үнді халықтық Б-лар (Робин Гуд туралы) бұл жанрдың қалыптасуына негіз болды. Б-да көңіл-күйі толғанысымен қатар,ақын сезімін туғызған себептер суреттеледі. Б-ның мазмұны көбіне тарихи шындыққа,оқшау фантастикаға, ерлік әрекетке құрылады. Қазақ әдебиетіне Б. жанрын С.Ерубаев («Үш шахтер туралы баллада»,»Меруерт алқа», т.б.әкелсе, Қ.Жармағамбетов оны дамытып қалыптастырды («Бидай туралы баллада», «Мұғалима», «Күзетші», «Кекті бала», т.б.). Жармағамбетовтың Б-лары «Адам туралы аңыз» (1951),»Мұғалима туралы баллада» (1957),»Балладалар» (1962),т.б. жинақ болып жарық көрді. Сондай-ақ,қазақақындары Ә.Тәжібаевтың,Ә.Сәрсенбаевтың,Ж.Нәжімеденовтің, М.Мақатаевтың, К.Мырза Әлінің, М.Шахановтың жекелеген шығармалары Б. үлгісінде жазылған.