Бір кісі бар…
Жай кісі емес, күшті адам.
Көп біледі қысқадан да, нұсқадан;
Сталиннің қолын алса Сәкендер,
Брежневтің қолын осы ұстаған.
Қойшы…
Маңдайдағы бағы шығар тиесі,
Жарылқаса көктен түсіп иесі, –
Жумай қойған, сумен ағып кетердей,
Патшамыздың оң қолының киесі.
Қойшы…
Сөз сұрап ап бір қауымды басқарып,
Асқақтайды қазаныңа ас салып,
Қалай тірі жүр екен деп ойлайсың,
Бас хатшының сүйгендері бас салып?
Қойшы…
Сөйлесе алмай осы ноқай, нұсқамен,
Қалам үнсіз… қанат қағып ұшпақ ем:
«Мен – қазақпын» деп ғаламға жар салған
Жұбан ағам қолын мен де ұстап ем…
Қойшы…
Әй, ел-жұртым, көрдім сенің бетіңді,
Қисаңдайсың қылық жасап не түрлі.
Брежневтің қолын ұстап,
Құдайдың
Қолын алған менің ағам секілді.
Қойшы!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК