Жас кезінде өлең жазған налалы –
Сталиннің ізінен қан тамады.
Таққа мініп, киді-дағы жырдан тәж
Ақындарды
Абақтыға
Қамады!
Өсекке ерсем өткендегі, кешегі,
Маңдайдағы сорым менің бес елі:
Пайғамбардың өзі, тіпті, ақынға
Оң көзімен қарамаған деседі…
Шәйір шіркін кеудедегі кептермен
Көзін жұмып, көкті кезсем деп келген
Құранды да жазып берген өлеңмен –
Құдай бізді неге сонша жек көрген?
Өзегіме өріп өксік келетін –
Өркеуде боп барам осы неге тым?
«Ақындарды еркелету керек» – деп
Маркс айтты десем – кім бар сенетін?
Сенбей ме ешкім?
Оған дағы көнем мен.
Көне-көне көнбіс болған төл ем мен.
Әулиенің әулиесі Яссауи,
Ол да жазған хикметін – өлеңмен.
Өстіп жүріп осы өлеңмен өлем мен!
«Алты арыс» деп,
«Қайран бес бәйтерек» – деп
Егілеміз енді елден ерек кеп.
…Маңғаз Маркс кімге сеніп айтты екен
Ақындарды еркелету керек деп?!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК