Тұяғы жер тілгілеп

Тұяғы жер тілгілеп,
Балшық – жоны, бүйірі, –
Қарағандыға кірді кеп
Қарагердің үйірі.
Алас-күлес топтары.
Асфальт жолға боп тәңірі –
Автобустар тоқтады,
Авто біткен тоқтады!
Қайдан келген сандалып,
Шаба-шаба жарап бір.
«Орбитаға» таң қалып,
Оқырана қарап тұр.
Жасқа толы жанары,
Бәрі де үркек ашулы.
Қымызхана жарнамалары,
Көзіне оттай басылды!
Желідегі құлын мен
Бие еді ол шідерлі.
Соны көріп… бір үнмен
Кісінеп–кісінеп жіберді!
Үлгермеді автолар
Не – кідіріп, не – тұрып;
Көкжиекке ақты олар,
Көктей өтіп – секіріп…
Тұра шапты күйіне!
Қарагер жалт қарады:
Көзінен бұл дүние
Жылап көшіп барады.

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *