Қор қыздары ақ маралдай керіліп,
Кірпіктерін қағуға да ерініп,
Қызыларайға қияметтік сапардан
Қайтып келді салдық пенен серілік!
Бәйгені алып оңынан да, солынан,
Қаражорға жығылмайды жолынан.
Тиіп көрсін Батыраш пен Қотыраш,
Біз өлейік сол жендеттің қолынан!
Қорғаламай, ерше сөйлеп езің де,
Жорғаламай… от лапылдап көзінде,
Қызыларай патшаңменен сөйлесті,
Мұхаңдар мен Зекеңдердің кезінде!
…Қайда бетке шығары сол сорпаның?!
Ақжарықтың маңдайында сор қалың.
Олар жоқта ит пен құс кеп тағы да,
Басқа шығып алды ма деп қорқамын…
* * *
Мазалайсың сен келіп күнде мені,
Қиял-ойым қияға түнделеді.
Ақжарықтан сұрап ем, айтар емес,
Шайтанкөлден сыр тартсам – үндемеді.
Мөлтілдетіп жас толы жанарымды,
Қалмасымды біле алмай, қаларымды –
Іздеп келем соңыңнан, тілі жоқтай
Тірі пенде айтпайды хабарыңды.
Қайдасың сен?
Қабағың түйіле ме,
Күпті болып көңілің күйіне ме?
Жаным, неге бір рет тіл қатпайсың,
Жоқсың ба сен бұл жарық дүниеде?!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК