Айсаға біраз шоқынып

Айсаға біраз шоқынып,
Сорлы… бір жазып арқаны
Жаутаңдай отырып… отырып,
Асады қазы-қартаны.
Тойынды.
Еркін тыныстап,
Түсінер тәңірі обалын,
…Күн өтті.
Жылдар жылыстап…
Қайтатын емес қонағым!
– Босағада – балам, мүлкім де
Төрімде – сенің төсегің!
…Өзгенің үйі бұл күнде,
Өз үйім – өлең төсегім.
Өзек жалғатып Алаштан,
Ішіме тарттым кемсінбей.
Үй салып алды ағаштан –
Киіз үйімді менсінбей!
… Қайдасың, сала-сайларым,
Қай жаққа енді көшемін?
Қайдасың, жасыл жайлауым,
Өз үйім – өлең төсегім?
Қайдасың, отым-ошағым,
Бұлағым гауһар сапырған.
Қайдасың, кербез қосағым
Құраулап құлын шақырған?
Қайдасың, қайран шаңырақ,
Жасаған атам оқалап,
Біттің бе қозым жамырап,
Болдың ба түйем боталап?!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *