САЙТАН МЕН ПЕРІШТЕ

Сайтандар отыр төрімде
Күзетіп мені көз ілмей.
Періштем менің, өмірде
Өңез боп шықты өзімдей…
Оң заттың өзін теріс деп
Адамдар асылық айтады.
Бір иығында – Періште,
Бір иығында – Сайтаны!
Адамдар күндіз, түн демей
Үзбек боп жатса көгенді.
Періште біткен үндемей,
Сайтандар сайрай жөнелді!
Зарланды ел!
Естен танған-ды,
Жазмышын іштен жазғырып.
Арбалды. Талай алданды!
Сандалды –
Сайтан азғырып…
Отты айтсаң – боққа қашады
Қара құрт құсап қыбырлап.
Құдайды қолдан жасады
Құлағына Сайтан сыбырлап.
Не дейсің мына жауызға!
Ұстап тұр ұлыс Күнді әрең:
Бауырын – бауыры бауыздап
Көрлақат болды күллі Әлем!!!
Жүгіртіп елді сан-саққа,
Өздерін өзі,
Өзге алдап,
Үйленіп Сайқал – Мансапқа
Сары алтын барад көзді арбап..
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *