АНА

Көкжиекке Күн батса тұрған күліп,
Ақжарық –
Түнекке ақ дидарын құрбан қылып –
Іңірде шешем жаққан жалғыз шырақ,
Жаһанды жіберетін нұрландырып.
Әке өткен шаршап тағдыр әуресімен,
Шығармай бізді өзінің тәубесінен.
Іңірде шешем жаққан сол шырақтың,
Жылынып өстік біздер сәулесінен.
Анашым, жан жабырқап дерттене ме,
Өксісең – өзегіңді өрт көме ме.
Бес ұлдан – Берікболың жоқ демесең
Төртеуі төрт үй болды – төрт төбеде.
Жоғалтып көзіңнің сол қарасын да,
Дүниеден жоқты іздеп барасың ба?
Төрт болды-ау қайран көзің қайран шешем,
Төрт үй мен төрт ауылдың арасында.
Ойрантау ұшар басын бұлт алып кіл,
Шақырар мені өзіне бұрқанып бір.
Қолына шам ұстаған қайран анам,
Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр.
Білдім де көңілімнің күйі неде,
Сүйініп ғұмыр кештім, күйіне де,
Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр,
Қап-қара түнек басқан дүниеде…
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *