ҚЫЗЫЛ ЖАЛАУМЕН ҚОШТАСУ

Қош, менің қызыл жалауым,
жер-көктің кезіп арасын,
албырап өрттей алауың
Кремльден құлап барасың…
Есімің елге ерлік ед,
қасиетіңе сенді көп:
Рейхстагта тұрып желбіреп,
құладың неге енді кеп?!
Еш болып есіл еңбегім,
тастадым қолдан қаруымды,
бауырым болсаң, сен менің
жалмадың неге – бауырымды?
Егіліп Еуропа елімен,
окопта жаттық сенімен,
соғыстан қайтып, – менімен,
ГУЛАГ-қа бардың – менімен…
Мұңды енді кім бар тыңдайтын,
Қош, туым тұрмыз кеш қалып.
Моладан мәңгі тұрмайтын,
әруақтарды еске алып, –
боздайық бастан бақ тайғанда,
сандалып, жоқты малданып,
Бізді алып шықтың майданға,
өзің де қоса – алданып!
Қош, менің қызыл жалауым,
осы ма тағдыр таланым?
Сен – қанның түсі ең, қарағым,
келмейді қанға қарағым…
Қош, менің қызыл жалауым,
жалт қара жесір жетімге,
Пастернак, Доктор Живагоның,
қаны бар сенің бетіңде!
Ғаламның жүзін қандаған,
қантөгісті енді жыр қылма.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *