ӘКІМӘЛІ Қаржауұлы (1885, Торғай обл. Ақтөбе уезі, Ойсылқара болысы, Сәндібек қопасы -1932, Өзбекстан) — ақын. Ауыл молдасынан сауат ашып, ел арасына таралған қисса-дастандарды оқып, жас кезінен өлең шығарған. Лайық Беркімбайұлына көңіл айтуы, т.б. өлеңдері жеке жинақ болып жарық көрген (Орынбор. 1908).Патша үкіметінің 1916 ж. маусым жарлығына ілініп, майдан қара жұмысына алынған. 1917 ж. «Қазақ» газетінің 215-санында маусым жарлығына алынған қазақ жастарының тұрмыс-тіршілігі туралы мақаласы мен «Халқыма хат» дейтін өлеңі жарияланған. Қазан төңкерісінен кейін өзі туып-өскен өңірде «Ойсылқара», «Қызыл еңбек» ұжымшарларын ұйымдастыруға қызмет етеді. 1917-1932 ж. көптеген өлеңдері ел ішіне ауызша тарап, кейін Ақтөбе обл. «Кедей» газетінде жарияланады. 1931 ж. кеңестік тәркілеуге ұшырап, 1932 ж. Өзбекстанда қайтыс болады. 1962 ж. ақталған. «Той бастар», «Халқыма хат», «Ұйқыда жатыр қазақ», «Ұмыл, кедей», «Жазғытұрғы көрініс», «Жиырма бес», т.б. өлеңдері бар. Жекелеген өлең толғаулары 1932 -1997 ж. бірқатар жинақтар мен журналдарда басылған. 1997 ж. Ақтөбе қаласынан «Халқыма хат» дейтін өлеңдер жинағы жарықкөрген.