ӘЗМБАЙ Бижанұлы (1854. Шығ. Қазақстан обл. Шұбартау ауд, -1922. сонда) -ақын. Абылай ханның жүз батырының бірі -Мамадайырдың ұрпағы. Әкесінің ағасы Меңдаяқ би сияқты өзі де ісімен, сөзімен ұлы Абайдың ықыласын алған. Ол ақындық өнермен жас ортасынан асқан кезінде айналысады. Ә-дың «Ақ екен раушан жүзің атқан таңнан», «Безенген адамды білмейтұғын», «Келгенде қара өлеңге ағыламын»,»Сарықұс» атты лирикалық өлеңдері. «Қазақ зары»,»Кәрілік туралы» толғаулары, «Жоқтау» үлгілері сақталған. «Сарыарқаның мәселесі»,»Ақтамберді -Жаскілең» дастандарының,»Ахмет-Жүсіп», «Зейнесұлу», «Бәраһат-Шерін», «Ғазіреті Ғали мен Дариға қызды» қиссаларын жазған. Ә. халық ақыны Шашубай Қошқарбайұлының ақындық қалыптасу жолына әсері болған. Ақтамберді Сарыұлының туындыларын айтып жеткізудегі Ә-дың еңбегі зор. 1994 ж. Ә-дың «Ақтамберді -Жаскілең» атты өлеңдер мен қисса-дастандар жинағы алғаш рет жеке кітап болып жарық көрді (құраст. С.Бәуов пен АТілеуханова).