Менің сені сүюге хақым бар ма?
Жан-жүрегім дайын тұр лапылдарға.
Сұлулыққа кенелген мына дүние,
Неге суық қарайды ақындарға?
Менің сені сүюге хақым жоқ па,
Көбелектей көзсіздік шақырды отқа.
Өртке түсіп өлгенім – ақымақтық,
Суға түсіп сөнгенім… ақыл боп па?
Менің сені сүюге хақым жоқ па?
Менің сені сүюге хақым жоқ-ты,
Судан гөрі етене ет ақынға от-ты.
Лапылдап-ақ кетейін күлге айналып,
Сүйме десең, қайтейін мақұл… бопты…
Менің сені сүюге хақым жоқ-ты.
Менің сені сүюге хақым бар-ды,
Махаббаттың майданы шақырған-ды.
Мынау дүние – күлкісі, шаттығы көп,
Азасына жаратқан ақындарды,
Менің сені сүюге хақым бар-ды.
Менің сені сүюге хақым бар ма,
Һақым бар ма өртеніп, лапылдарға.
Махаббаттың майданы шақырғанда,
Жасын оты жүректің атылғанда,
Һақым жоқ па өртеніп, лапылдарға…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК