Тұл сұлбасын пәк сезім иіндіріп,
Сұлулыққа имандай иілдіріп –
Ұят! – деген ұлы күш жануарды
Тағылықтан ап шықты киіндіріп!
Рух сыйлап ұлы ұят ару-арға,
Адам енді айналды палуанға,
Жан-жануар тұрды кеп басын шұлғып,
Адам деген қоғамдық жануарға.
Сол үн талай ғасырды кескіледі,
Ол да ақыры жаңғырып – ескіреді.
«Ұятыңды – жап!» – деген үңгірдегі үн
Ғаламзаттан қайтадан естіледі…
Қанды қырғын індетке қара да тұр:
Айналдырып басын кіл қара бақыр –
Қайта шешіп киімін жануарың
Тағылыққа талтаңдап бара жатыр.
* * *
Ел –
Жер –
Ер –
Үшеуін Үш Таған көрдім.
Соған – серт!
Сен нұсқаған заманға ердім.
Жеті қат жер астына түсіп-шығып,
Жетемде – Жеті Жарғы –
Саған келдім.
Сығалап жын мен жыбыр есік-төрден,
Тарихтың тақсыретін кешіп келген, –
Алаш тұр алдыңа кеп, аяғынан
Тұсауын Алла өзі шешіп берген.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК