Өзімнің зәрем ұшты сезгенімде,
Дәл менше тағдыр елді сынап па екен,
Күліппін – күлмейтұғын кездерімде…
Соныма ғұмыр-бақи жылап кетем!
Көзіңмен көре тұрып, сезбедің бе?
Мен ғана күллі адамнан күйікті екем:
Жылаппын – жыламайтын кездерімде.
Соныма ғұмыр-бақи күліп кетем!
Мен сөйтіп еңсемді бір биіктетем.
* * *
Ғасырлар-ай! Қасіретті! Тұлдырсыз!
Келгені де, кеткені де – түс, мүлде.
Жер астының бәрі – мола! Жүрміз біз –
Адамзаттың сүйегінің үстінде!
Әзәзіл күш әбігер сап әлекпен,
Әлсіз пенде тайталасты күштімен.
Жоқ Тарихтың – төте жолы. Бәрі өткен –
Адамзаттың сүйегінің үстімен.
Ұландарым қалды қанша жотада
Төмпешік боп? Түн-Ғасырлар – түс, мүлде.
Жер астының бәрі – мола! О, тоба!
Адамзаттың сүйегінің үстінде –
Гүл ашып тұр өмір бағы. Батыр да,
Ақын да көп… Зілзала алып мазаны,
Отырардың Обалары һақында
Өлең жазып жүрміз сонда азалы.
Қайшылықта қалқып жүрем сандалып,
Қалш-қалш етіп тісім тимей тісіме.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК