Мен пәктікпен тел өстім

Мен пәктікпен тел өстім,
Бірге өлеміз өлсек те.
Бақа-шаян емеспін,
Батпағыңды көрсетпе!
Көлеңкеде салқындап,
Пұл сатқам жоқ базарда.
Керек емес алтын тақ!
Керек емес казарма!
Керек емес маған түн
Баскесерлер басынған.
Қолы керек анамның
Сипайтұғын шашымнан…
Көргенім жоқ аз ылаң.
Сау жер бар ма өңірде?
Оңбағаннан қажығам:
Олжас керек өмірге!
Түскен емес көзіме ақ
Жерік қылып жер-ғалам.
Парижіңді өзің ап,
Сарыарқамды бер маған!
Құрсақта да жатып ек,
Соны ұғатын ер керек.
Екі метр ақырет,
Екі метр жер керек.
Керек маған гүл елі
Жоқ жоқтауы, азасы.
Ғашығымның жүрегі.
Ғасырымның мазасы.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *