«Өлтірме!» деп атып түрды – Өлтірме!
Мамонттар да мамонт етін жемейді!!!»
Осы Рухтың өлмесіне сенемін.
Өлеңіммен соны ғана жебедім.
Ең бірінші қайраткер – сол!
Ол-дағы нысанасы болып еді жебенің…
«Обал-ай!» – деп қалды ел. Өрттей – түрлері.
Осы болар қасқырға иттің үргені:
Қаруы бар адам миы сол кезде
Ойлап тапты зындан менен түрмені.
Мәре-сәре болған қылыш ісіне –
Білте мылтық – шабыт берді кісіге.
Енді, міне, бәрінен де баз кешті,
Ракеталар кіреді оның түсіне…
Отырарлар – Отырардың жалғасы.
Хиросима – қасіреттің қамбасы.
Ырсиып тұр Һомо Сапиенстің
Бухенвальдта салған – қара таңбасы!
Бәрі де сол – қарын қамы, бас қамы…
Қарын қамы…
Ойламайды – басқаны!
Жебе ұстаған жанкештіден гөрі, тек –
Бомба ұстаған –
Тағы
Бола бастады…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК