Қызыларай тиіп тұр Аққораға.
Екеуі де оранды ақ қалаға.
Төбесінен ауылдың түсіретін
Төте жол да шығыпты ат шанаға.
Қырдағы ел мен ойдағы ел араласып,
Мәртебесі шіркіннің барады асып.
Қантамыры – далада қазағымның.
Қалай жүрміз қалада қара басып?
Түйіскені төрт жолдың – Қарқаралы.
Жүзін неге ұлынан қалқалады?
Билет таппай Талдыға… Мәди құсап
Сағынышың сенің де тарқамады.
Саған таныс сағыныш бала кезден,
Аттап өтіп қаланы – дала кезген.
Бес сом түгіл… он сомға билет бермей
Автовокзал қарап тұр ала көзбен…
Айналғанмен автобус ат шанаға,
Әкең шығып алдыңнан… бас сала ма?
Базары мол ауылын сағынды деп
Баласынан Аққора ақша ала ма?!
Жүр! Кетейік! Туған жер – асқақ әлем!
Айырбастай алмайсың басқаменен.
ҒТР-дың заманы Сағынышты
Сатып ала бастады-ау ақшаменен…
Бауырым-ай! Жүр! Кеттік! Тұра берме!
Жол біреу-ақ жүретін бұл әлемде,
«Келе ме, – деп, басыма балаларым…» –
Күтіп жатыр әкеміз құба белде.
Қызыларай тиіп түр Аққораға.
Екеуі де оранды ақ қалаға.
Төбесінен ауылдың түсіретін
Төте жолы дайын тұр ат шанаға
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК