Қарагерім, кінәрат жоқ мүсінде еш

Қарагерім, кінәрат жоқ мүсінде еш,
Ерге қонған ер еңсесін түсірмес.
Сұлулыққа суғаратын көзіңді
Сұлу жылқы – сұлу әйел пішіндес.
Түсті-ау қолға деп жүргенде: «Жетем ғой…»
Құлагерлер қылаң ұрған мекен ғой.
Тұяғымен тұлпар тұрса жер тарпып,
Тұғыр болып туу – күнә екен ғой!
Еуропа ерте жексе күймені,
Қазақ қырда арғымақпен биледі,
Жарасады бұл тұқымға Ақанның –
Құлагері, Жұматайдың – Жирені.
Қыр төсінде тұяқтан шаң жосылса,
Неткен сері сал жұрт едік осынша:
Құлагер мен Жирендерге енді кеп,
Мына менің Қарагерім қосылса!
Қарагерге көзі түсіп тосылып,
Осындағы ойындары осылып, –
Басы лақсын – басын кесіп ала алмай
Батырашқа Қотырашы қосылып!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *