Көкке кетті Есенин… Елегізиміз –
Есенғали екеуіміз жерде қалып.
Мұқағали басына түнейік бір,
Асықпай-ақ кел, өмір сүрейік-дүр.
Мына жерде біз біраз жүрейік құр,
Ішек-сілеміз қатқанша күлейік бір…
* * *
Ит сатып бер дейді ұлым.
Ақымағым…
Қасқыр еді әкесі, ақын – әрі,
Дүние – базар бұл күнде, мені қайтсін,
Иттің небір сырттаны сатылады.
«Қой!» – деймін мен,
Қоймайды бала мына.
Ит асырап қасқырға саламын ба?
Күшік асырап ит еткен Абай атаң,
Жармасты ғой о да оның балағына.
Қой деймін мен.
Қоймайды балам әлі.
Мына бала қоймайды – жан алады.
…Қайран, алтын басымды көкпар қылып,
Басқа иттің де аз ба еді талағаны…
Мұны да олар әуреге салады әлі.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК