Ит пен де, құспен де іштік намыстанбай

 
Ит пен де, құспен де іштік намыстанбай –
Қасиетті Есенинмен қағысқандай…
Босатқан күлкісі мен әзілі ішті,
Ойын-той отырыстың назы күшті.
Мұқағали жазарын жазып – ішті,
Біздікі – бір әшейін мәжіліс-ті.
Кеудесін тырналаған қара күшік,
Ақындар бардан барға барады ұшып.
Қазтуған қымыз ішіп жазған жырды,
Қай қазақ жазар дейсің арақ ішіп?!
Қазақтың түркі болып түсіне енем,
Күлтегін – түбім, буған ішін өлең.
Аулаққа барады – ауып мама-бием,
Айрылып құлыныңнан кісінеген…
Қырықтан асқан кезде, а құдайлай,
Түсіндік бір нәрсені қапы қалмай:
Жырлаған бал шарапты Омар Хаям,
Кетіпті одан тіпті татып алмай.
Жандай боп дуаланған шаманыңнан,
Ес жидық түнде құлап, таң алдынан.
…Мас болып өте шыққан екенбіз ғой,
Елтай мен Колбиндердің заманынан.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *