Ел болсақ дейміз есінеп,
Естімейтіні несі деп.
Алашты Алла кешіред:
«Кіреді ақыл-есі…» деп
Ертеңім – бұлдыр, үмітсіз,
Елдікке елім – құлықсыз.
Ұлдарым мынау – уытсыз,
Қыздарым анау – қылықсыз.
Ерлерді қырып, қалай біз
Ел болдық ғайбат сөзге еріп?
Игі жақсыға қараймыз –
Ит көрген ешкі көзденіп!
Боламын десең пақыр бір
Құлақта жүрер нақыл бұл:
Дарынсызыңды – ақын қыл,
Ақымағыңды – әкім қыл…
Төскейде – малы,
Төсекте – басы тоғысып,
Жат сүрер болса өріне,
Өзіңмен өзің соғысып, –
Өзгені шығар – төріңе!
Ел болсақ дейміз есінеп,
Естімейтіні несі деп.
Алашты Алла кешіред:
«Кіреді ақыл-есі…» деп…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК