Қыртың да аяғында, құрт та қалып,
Аспанның ауасынан ұрттап алып,
Тұр ақын Мұқағали Көктөбеде
Мұзартқан апай төсін бұлтқа малып.
Атқанда шақшасын ап қалтасынан,
Жай оғы жарқылдайды жартасынан.
Аса алмай Алатаудың арқасынан,
Алматы сұлап жатыр шалқасынан.
Көгінен көрген ақын бас қаласын,
Көзіне елестетті масқарасын.
Берсе де, бермесе де баспанасын,
Қасым-ай!
Тастамаған астанасын…
Елінің кірмесе де түсіне бір,
Елжіреп алдында оның кішіреді ұл.
Өр ұлын сыртқа теуіп,
Магнитше
Өңезін неге тартад ішіне бұл?!
Алыстан ақынына бетін беріп,
Тұр шаһар қызыл-жасыл не түрге еніп,
Болғанымен өзі әдемі,
Әсемдікті
Ұқпайтын жәлеп қатын секілденіп…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК