Музамен бір ғұмыр сүріп, түс, мүлде,
Ес жидым-ау көктен жерге түстім де.
Талай-талай математик кездесті
Өмір деген ұзақ жолдың үстінде.
Басы – цифр, бақастарым – есімде.
Сан есеппен матасқаным – есімде.
30-ға 30 қоса алмаған Сергейше
Талай рет шатасқаным – есімде.
Шотына сап тағдыр талай сынаған,
Демеу болмай Есениндей ұлы адам –
Есеп деген емтиханнан сүрініп
Орға қарай омақа асып құлағам!
Өзегім жыр. Өмірім де – өлең-ді.
Өлең десе білмеуші едім өлер-ді
Цифр толы кекжеңдеген бастарың
Мені көрсе тұлан тұта жөнелді!
Айтарым көп сол пенделер қақында.
Өлгенімше қалам жырдың сапында!
Таң қаламын: өлеңі үшін неге осы
Қаламақы береді екен ақынға?!.
* * *
Шешен билер тамсандырған сөзіне
Ұқсап кетті Цицеронның өзіне.
…Сарыарқаға келсем болды, сурет боп
Неше түрлі елестейді көзіме.
Мұңды Тоқа күйлерінің сазы кеп,
Сыр шертеді өткен күннің назы деп.
Тақпақтап ап жөнелетін секілді–
Төрде отырған Қаз Дауысты Қазыбек.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК