Балалығым қалды сонау арқада.
Сұлулық-ай! Өзіне арбап тарта ма:
Күндіз-түні Есенинді оқушы ем
Үйде отырып, түкпірдегі партада –
Сабақ қалып оқып жүрдім, дәм қалып
Парсы еліне барғым келді паңданып!
Таң атқанша шам жағып,
Тамашаға отырушы ем таңданып.
Айта көрме игректің сабағын!
Оны ойласам ашылмайды қабағым.
Кластағы күллі қызды көзге ілмей
Шағанаға ғашық болған баламын!
Соны сезген математик мұғалім
Бетіменен жібере ме ұланын.
Қып-қызыл боп қайтуші едім күнде үйге
Әбден піскен помидордай құлағым…
«Тарих» пәні сабағында шаттана,
«Әдебиет» әлемінде мақтана…
Елдің бәрі шешетұғын есепті
Шығара алмай тұрып алам тақтада!
Математик – сөзі зілді, өзі де.
Қаусап қалам қарай алмай көзіне.
– Ми жоқ сенде! – дейді. Бірақ сол нәрсе
Бар секілді елестейді өзіме…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК