Кешермін ата тірлігін мен де,
Көшермін бір күн жырымды ап жырақ.
Өмірге менің кіндігімнен де
Бір бала келер шырылдап жылап.
Сол бала… ағып көзінің соры
Өлеңімді оқып толғана ма шын-ақ?
Ақымақ болса – өзінің соры:
Ақын болмасын сол бала, бірақ!
От құйып, Муза жалыны арыма,
Өстіп мен енді маздап-ақ өтем.
Бір Ақсұңқардың шаңырағында
Бір ақын болса аз бола ма екен?
Күйіктен өрттей жана ма кеудең?
Тастай қашсам ба кең даланы мен,
Өмірге ақын адам әкелген
Ананың шерін мен ғана білем…
Кеудеңді нендей пәле қысады
Асыл тәніңді езіп, тек – күрмеп.
Өмірден сонда зәрем ұшады
Өңірден осы безіп кеткім кеп…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК