Ай астында алтыбақан шырқалып

Ай астында алтыбақан шырқалып,
Алты қырдан асқан кезде жыр талып –
Қызыларай жәрмеңкеге айналды
Қырық қыздың қызығына бір қанып!
Сұлулық кеп бәрін айпап-жайпады,
Көз көрместі көңіл өзі-ақ айтады:
Алматыдан Кәрімбаев Садық кеп
Қырық қызға ғашық болып қайтады!
– Уа, сондағы қырық қызың, қане? – деп,
Келген еді Кәрменұлы Жәнібек.
Шырқап еді таң атқанша сол сері
Сазды әуенін сағыныштың әні деп.
Жәнібектің буынынан әл тайған,
Сап басылып ер көңілі марқайған:
Қырық қыз жоқ… Қырық шал жүр тек қана
Махаббаттың мазағынан қартайған!
Мына өмірді – өзгергіштеу қалпымен –
Мен өлшеймін Сұлулықтың парқымен:
Қалады әлі Қызыларай тарихта
Сонау сұлу қырық қыздың даңқымен!
Назырқанба, уә, Жәнібек, бауырым,
Көтер әнмен көңіліңнің дауылын:
Сұмдығымен… қалғандар көп дүниеде,
Сұлулықпен қалған – менің ауылым!
Назырқанба, уә, Жәнібек бауырым!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *