Бетке алып шықтық қап-қара түнді

Бетке алып шықтық қап-қара түнді,
Жасырған жаһан сұр – өңін.
Көйлегің таңдай ақ болатын-ды.
Пәк болатын-ды жүрегің!
Бұлықсып жүрген бұралаң едік.
Тұман түн… іштен тындырып –
Ұраға келіп құлаған едік,
Шыңырауда даусың шыңғырып!
Қай жерден шықтық желігіп?! Құрысын!
Ұрыншақ едік сол шақта-ақ:
Есімді жисам егіліп тұрсың
Көзіңнен жасың моншақтап!
…Зулады жылдар желдің өтінде,
Таңдар кеп, тұман тарады.
Жалғызбын қазір жердің бетінде!
Жүрегім мынау… жаралы…
Құшақтасып бірге құламайсың кеп!
Шықпайтын сыр бұл тісіңнен.
Мен үшін енді жыламайсың сен
Күлесің, мүмкін, ішіңнен?
Түсімде көрдім: таңдағы аспандай
Көзден нұр төктің ақтара;
Ақ көйлегіңнің – таңба басқандай –
Арқасы, бірақ – қап-қара!
Бетке алған кезде қап-қара түнді
Қасымда, шіркін, жүр едің.
Көйлегің онда ақ болатын-ды,
Пәк болатын-ды жүрегің!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *