Әр шумағын әрлеп пәктік, жуған нұр

Әр шумағын әрлеп пәктік, жуған нұр
Сол бір өлең қанымда әлі шулап жүр.
Арбай бермек алпыс ғасыр өтсе де
Адамды адам сүйген кезде туған жыр!
Дүр сілкінді Ақжарықта тау іші:
«Бұл баланың ісі емес – жау ісі!»
Гүж-гүж етіп құлағымда тұр әлі
Жарты құдай – Жарылғаптың дауысы:
– О, ұятсыз! Қалай-қалай соғасың?
Ал, ұшып кет… Қайда барып қонасың!
Он сегізге – бәлиғатқа толмастан
Қыз балаға қалай ғашық боласың?!!
Көкірегің көктем екен мәуелі…
Қалай-қалай әуелейді әуені?!
Самолетте хақың қанша, мұрын боқ?
Жаяу жүріп үйреніп ал әуелі!
Көпті көрдік… Жасын көрдік, кәрісін,
Көп жағдайды… сезе алмайды әлі ішім;
Сен түгілі, мына біз де білмейміз,
Қызға қалай хат жазудың мәнісін!
Қайдан келген қаңғып саған зар-шемен?!
Бадырақ көз! Байқап сөйлес партамен:
Қыз балаға хат жазатын қолыңды
Бір-ақ шауып тастайын ба балтамен?!!
Бағдаттың басын тырнап сан күдік
Жылап тұрған… Жоқ, қалыпты мәңгіріп:
– Екінші рет қыздарға арнап, ағатай,
Ант берейін, хат жазбаймын мәңгілік!!!
Кешіріңіз! Жаңылдым… – деп өтінді.
Аяп кеттік сонда осы бір жетімді.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *