Ару деп пе еді арбала құлап?
Түн өтті… Бір-ақ күн өтті:
«Күнекей қыз!» – деп сары бала, бірақ,
Сарнауын, тіпті үдетті!
Бітпейді мүның әлегі неге?
Күнекей – оған керегі!
Әйеліне де, әдеміге де
Қарамай қақсай береді!
Әр жерден басы қарая қалады
Көздері – сайын далада.
Асқақ қала да алая қарады
Аңыздан келген балаға…
Жөнелді бір күні қырды асты-дағы,
Біз қала бердік таңданып.
Күнекейді іздеп Күн астындағы
Сары бала кетті сандалып…
Қала тұр сақтап бейіштегі әрін,
Думанға батып не түрлі.
Күнекей деген періште барын
Ұмытып қалған секілді!
* * *
Осы бала бауырым, туысым да,
Ойда… отырған киіз үй қуысында.
Көзінде – арман шұғыла. Тоқырауынның
Ақ бидайы бар екен уысында.
Сол баланың кеудесі толған арман.
Ашып тастап аяғын жол қараған…
Өмірдегі күнә үшін: өнердегі
Мен кешірім сұраймын сол баладан.
Ақсұңқарұлы Серік