Балалар! Балақандарым!
Балапандарым!
Асылып менің мойныма,
Кіріңдер, қане, қойныма!
Балшық… шалшықта сенделмей,
Егер де менің келсе әлім –
Хикмет құсап – сендерге
Сыйлар ем бүкіл Жер шарын!
Тәңірге жақпай талғамым,
Күйкі жұрт сонда күйінді.
Жер шарын сыйлай алмадым…
Алыңдар, енді үйімді!
Ғалияны іштен тындырып,
Ойнаңдар шулап, шыңғырып,
Кілемнің жібін сым қылып,
Мебельдің бәрін сындырып!
Қиқулап салшы гөй-гөйді,
Отанның өндір – Олжасы!
Ерке бол! Тентек бол, мейлі!
Тек қана –
Жетім болмашы…
Ақсұңқарұлы Серік