Әлі есімде,
Күз еді…
Ол бір елік лағындай қыз еді.
Махаббаттың құсы ұшып келді деп,
Сүйіп едім, сүйіп едім елжіреп.
Тұрып еді пәк жанары мөлдіреп.
Тұрып еді бір теректің қасында.
Сары алтындай жапырақтар –
Шашында.
Махаббатқа жаратылған несібем,
Айрылғандай болып еді есінен.
Мас боп тұрған ғажайып бір сезімге.
Махаббаттан басқа түк жоқ көзінде.
Махаббаттан басқа түк жоқ сезімде.
Он алтыда. Өртенетін кезінде!
Жанында оның басқаға емес,
Тап маған
Бір керемет бар секілді сақтаған.
Кеше көрдім сол Аруды табыттан!
Дидарында жоқ ләззат, шабыт та.
Үндемейді қоршап алған халыққа…
Топырақ сап кетті ел тарап.
Расым ба?!
Тек мен қалдым қабірінің басында.
Жылап жатып көрдім түнде –
Түсімде:
Жүрді жалғыз… таныс бақтың ішінде.
Ақсұңқарұлы Серік