Келгені Алматыдан кеше ғана!
Алыпты көлді өзіне иемденіп!…
Жыр еткен Сұлушашты қайран, Сәбит!
Даңқыңды көкке апарып қойған шабыт!
Шіркін-ай, көресің бе өз көзіңмен
Көліңде бір бала жүр ойран салып!
Тың тыңдап: «Үн бар; – дейді – жылағандай!»
Сұлушаш сөйлей ме оған тірі адамдай?
Бебеулеп біздер тұрмыз, шоршып жүрген
Балықты жағалауға шығара алмай…
Ғаламға ғажайыбын жариялар
Көп пе екен, шіркін, мұндай дариялар?!
…Келеміз Шайтанкөлден төмен түсіп,
Ләйла жоқ – қолтығымда – Ғалия бар.
Қайда асау адуынды арынымыз?
Басылған бағанағы шалығымыз.
Құрлықта әзер жүріп келе жатыр
Көлінен жаңа шыққан «Балығымыз!!!»
* * *
Сөнетін шамдар жалт етіп нұрды алып қашып!
Жарқ етіп біз де шығушы ек ұрланып басып…
Тұмса сезімге толы сол тұнық түндерді
Ұмыттың мәңгі. Менің де ұмытқым келді!
Ақжарық. Айлы түн еді. Қыз бенен жігіт…
Бара ма мәз боп біз жүрген ізбенен жүріп?
Сен жоқсың. Әлі сол беті Ақжарық бірақ.
Үйіңде сенің ылғи да шам жанып тұрад!
Ақсұңқарұлы Серік