ШАЙТАНКӨЛ БАЛЛАДАСЫ

Мен – алда. Ал қонағым менен кейін…
Қияда жол таба алмай… елеңдейін.
«Сен өзің Шайтанкөлде болмапсың ғой!
Неңді, енді, шатып жүрсің?!» – дегендейін.
Қонағым ашуланып қалды құзда,
Баса алмай әуре сарсаң қанды қызба.
Түңіліп… қайтатұғын қайқаңды ассақ:
Жарықтық! Жатыр екең алдымызда!
Керемет тәкаппарлық келбетінде,
Қаңғырып қайдан келдік тербетуге?
Сұлушаш түгіл, менің жырымдағы
Ләйла да көрінбейді көл бетінде.
Тауға кеп құлағандай аспан – алып!
Мәңгіріп тұрған ақын астаналық:
«Сұлушаш! Қайран анам! Қайдасың?!» – деп
Айқайға басты дерсің масқара ғып…
Сезіксіз сеніп келген бар аңызға
Ғалия абдырайды арамызда:
«Апырым-ай! Алматыдан аман келген
Адамды ауру қылып аламыз ба?!»
Күн батты көкжиекке жалқынданып.
Көлің де бара жатыр салқынданып…
Шомылып Дәуітәлі жүр, шолпылдатып:
Аумаған аңыздағы алтын балық!
Ешкімді енді көзге ілмейтіндей,
«Тәнім мен судың тегі бір!» – дейтіндей:
«Шайтанкөл! Шайтанкөл!» деп бебеулейді
Біз осы көлдің атын білмейтіндей!
Денесін көлдің толқын – биі өңгеріп
Шоршыған балыққа бас ием келіп.
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *