Бала болып бастадым тірлігімді

Бала болып бастадым тірлігімді,
Уыз сәби ол кезде кімді білді.
Баласы көп боқташақ Айкен апа,
Айкен ана кесіпті кіндігімді.
Кіндік бала аспанға қалай ұшты,
Жүзіп кетті құшақтап қай ағысты:
Баласы көп адамның сүйем бәрін,
Баласы жоқ адамдар аянышты…
Бар менің де еркелеу кекілді ұлым,
Жек көремін баланың жетімдігін!
Айкен апа кеспесе кіндігімді
Ақын бола алмайтын секілдімін.
Кіндігімді ол кеспей, зар қылғанда,
Не болар ед – нәсіпсіз қалдырғанда?
Балаларды қаншама сүйсем-дағы
Басылмапты бір жырым «Балдырғанда».
Жарқ-жұрқ етіп тұрғанмен қалалары
Аштық – әлі ғасырдың қара дағы;
Қайыр сұрап жүретін көшелерде
Елестейді жат жұрттың балалары!
Чилиде – олар. Африка торабында,
Картадағы шет елдер жолағында.
Егілмесем әлемнің баласы үшін
Қызыларайдың қыршыны боламын ба?!
Назаға ердім, сонан соң азаға ердім,
Желіменен бойдағы аз өнердің.
Хиросима өртінде өлген қыздың
Өлеңдерін келеді жаза бергім!
Балалардың көңілін қалдырмаңдар,
Барлық үйде басталсын бал-думандар.
…Әлімбаев Мұзафар болмасам да
Мен сендермен біргемін, балдырғандар!
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *