Қар ұшады күміс қанат.
Неткен ғажап, пай, пай, өңір!
Ақша қарды уыстап ап
Атысамыз… Айхой, Өмір!
Сүргендей ек түсінде өмір.
Сен де – бала ең. Мен де – бала ем.
Сол дүрмектің ішінде бір
Сен де бар ең, мен де бар ем.
Қарайтұғын сүйіне де,
Біздер едік егіз ақ құс.
Біз келгелі дүниеге –
Сегіз көктем, сегіз-ақ қыс!
Әй! Есіңде бар ма тегі
Жауып үлде-бүлдені біз –
Көміп қойып қарға сені
Қарқ-қарқ етіп күлгеніміз?
Бала едік қой. Баласынып
Ойнағанда… Батыр едің:
Аршып алсақ – аласұрып
Қар астында жатыр едің!
Сен де сәби лақ едің.
Жүрсің енді дана құсап?
Айқай салып жылап едің;
Бажылдап ең бала құсап!
Жоқ па сол сәт жүрегіңде?!
Ойнамаймыз со құсап біз:
Біз келгелі бұл өмірге,
Отыз көктем, отыз-ақ қыс
Ақсұңқарұлы Серік