Біржан сал,
Ақан сынды сері болып,
Жалғанның жарығынан Сені көріп, –
Ел-жұртым,
Дүниеден бір еркең өтті,
Егіліп ет-жүрегі – еміреніп!
Шашылып тарағанда халық тойдан,
Жалғанға Шашубайдай салыпты ойран.
Кешегі көшпелінің жұртындағы
Алтынның сынығы еді қалып қойған.
Асыл еді!
Бұзылды оны көріп ғасыр өңі.
Елінің тауы менен тасына һәм, –
Перінің қыздарына ғашық еді.
Әруақты арқасында шалық көп-ті,
Әлемге «Әудемжерін» салып кепті.
Перінің сол қыздары алдап-арбап,
Айырып Фаридадан…
Алып кетті!
Арқаға түскен жүкті ауыр ырғап,
Заманның зіл – батпанын жаурынға ап, –
Біржан сал, Ақан сері, Дәуітәлінің,
Жұртында біздер қалдық:
«Бауырым!» – дап…
Ғасырдың төмен түссек өріменен,
Ел көшкен – Мәди, Ақан серіменен.
Сен де, қош, Қояндының жәрмеңкесі,
Бұқа мен сиырлары мөңіреген…
Заманның түбі – тексіз, Порымы – құл,
Боздаудан басылмаған солығы бір.
…Алаштың ордасында да үңірейіп,
Алтынның сынығының орыны тұр…
Ақсұңқарұлы Серік