Көк аспандай Көк Түріктің тұнығы,
Күлтегіннің желбіреген тұлымы;
Шыңғысханның тал-бесігін тербеген
Қоныраттың тұяғы–
Саф алтынның сынығы!
Ақиқаттың толғауын,
Арқаға кеп,
Ақтанберліше толғадың.
Асау басы ноқтаға сыймаған,
Арыстаннан да айылын жимаған–
Оғланым!!!
Тар заманда сен көрмеген талқы жоқ,
Өрт ғасырда өзегіңді шарпыды от.
Көк Тәңірі жетпіс мәрте жебеген,
Текті,
Түкті жүрегіңе тәнті боп!
Замананың боранында ысылдың,
Тоғыз жолдың торабында қысылдың.
Ақ қағазға орадың да жүректі,
Аруға емес –
Алты Алашқа ұсындың!
…Қазығұртта кеме қалған дейді жұрт.
Неге қалған?
Соны жаңа түсіндім…
Ақсұңқарұлы Серік