Тәнге күннен күміс бір шуақ тамып,
Тіршілік өз міндетін тұр атқарып.
Сүйікті боп жат жанға,
Ұнап қалып,
Өстіп… қатар жүреміз… Қосылмайтын
Шойын жолдың табаны сияқтанып!
Бірімізге біріміз кішірмейміз,
Жүрегі жоқ гранит мүсіндейміз.
Бізге дейін көп пенде түсінбеген,
Біз де тағдыр тәлкегін түсінбейміз.
Мұз құрсанған бір шер бар ішімізде.
Суық қарап жазмыштың түсі бізге;
Жат төсекте, жат жанмен аймаласып,
Бір жатамыз екеуміз түсімізде.
Ақыл толы алтын бас самғап әрі,
Өзіне-өзі қартайып, таң қалады.
Дейміз: «Балам, алданба, сүйген кезде!»
Ол да бірақ оңбай бір алданады.
Бәріміз де жастықта отпыз жалын.
Елемейміз тағдырдың оқты ызғарын,
Қайдағы бір қайраңға соққызғанын.
Олар бізді тыңдай ма?
Бір кездері
Біз де ешкімді тыңдаған жоқпыз, жаным…
Ақсұңқарұлы Серік