Ақ көйлегің ақша бұлттай әдемі,
Көрсем сені, көздерімді ашқанда.
Саған арнап жүрген шарап бар еді,
Сонымды атып жіберейін аспанға!
Осы күнді қанша күттім демеймін.
Көз жасыңды үзіп… сен де жасыма.
Аяулымды – Анамды ертіп келейін
Жаюлы осы дастарханның басына.
Таң қалайын өңім бе деп, түсім бе?
Маңдайыма жазылса да ұрлық – той:
Өмірдегі думаныңның ішінде
Анамыздың болмағаны – сұмдық қой!
Аруына баламай бар жер – көктің,
Сені анам да күткен талай қырды асып.
Достарды ертіп келу үшін мен кеттім!
Біз келгенше отырыңдар сырласып.
Достар келді.
Суша шарап сапырам.
Мені әлі де тұр ғой күтіп жол – ана.
Әлемдегі әйелдерді шақырам!
Әйелдерсіз әсем думан бола ма?!
Дарымаған тәніне от, оқ әрі –
Жігіттер де келіп, шықсын жоғары.
Жер бетінде той түгілі, жаным-ау,
Еркектерсіз соғыс та өткен жоқ әлі!
Біздің үйде өткен тойдың дүбірі
Жетер елге шықпаса да Күн әлі.
Мына әлемнен қасіретің түгілі,
Шаттығын да жасырғандар – күнәлі!
Сені күтем.
Сені күтем алаңдап,
Ақсұңқарұлы Серік