ВЕНЕЦИЯ, МӘҢГІ ҰЙҚЫ

Ұшып кетті ғасырлар қуатты, алып!
Әлі өшкен жоқ ызғары, шуақтары.
Өлді ақындар жаза алмай соңғы жырын
Сөнген соңғы жұлдыздар сияқтанып…
Өшті бәрі!
Уақыттың қатал – ділі!
Естіледі маған да қаһарлы үні.
Түндер сайын төсектен атып тұрам,
Жанға маза бермейді жаһан жыры.
Шақырады даланың баласын көк,
Адамзатқа аспаннан қарасын деп.
Қызыларай аң-таң ғап қала берер:
«Қай қиянға қаңғырып барасың?» – деп.
Қиял келсе қиянға аттанасың,
Жасырады жер-жаһан ақ-қарасын.
Венеция! Ертегі дүниесі!
Ескерткіштер еліне тап боласың.
Кезем келіп көшесін жел қайықпен.
Мұнда мені сиқырлы Муза күткен.
О, армысың, мен сені іздеп келем,
Поэзия – құйылған граниттен!
Ескерткіштер, мүсіндер шақыруда,
Ақының да осында – пақырың да.
Тарих жүгін көтеріп – көтеріп кеп,
Қалғып кеткен секілді ақырында!
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *