Елді аяймын – таң нұры түспейтұғын көзіне,
Жерді аяймын – тағдыры түсініксіз өзіне.
Жайсам деп ем дастарқан гүлге шарап орап та,
Жердің үсті – тас-талқан…
Кім келеді қонаққа?!
Жер бетінің желегін рақатқа батырып, –
Қызық қылсам деп едім Қызыларайға шақырып.
Дастарқанға келіңдер!
Үндемейсің сабаз, ә?
Той өтпесе жеріңде не өтеді – жаназа?!
* * *
Туған жер!
Туған топырақ!
Қарашы менің көзіме:
Жұмыр жер жырын оқып ап,
Құсша ұшып келем өзіңе.
Құсша ұшып келем Арқаға,
Алады күтіп анашым.
Дүниежүзілік саяси картада
Сен – жалғыз нүкте ғанасың.
Жер үшін сен – бір түйір дән,
О, менің құйттай мекенім.
Кіндіктен қаным құйылған
Кішкентай Планета едің!
Айранын анам іш десе,
Зәмзәм суына бергісіз.
Кіндігім саған түспесе,
Кім болатыным белгісіз.
Арқалап жүгін арқама,
Мойындап өтем тірлікте:
Дүниежүзілік саяси картада
Жүрекке ыстық бір нүкте..
Ақсұңқарұлы Серік