Жасарды славянның қарт өлеңі

Жасарды славянның қарт өлеңі.
Жаһанда қай жұрт оған пар келеді?
Орыстан Юнна Мориц дейтін сұлу
Бір патша шықты Ұлы Мәртебелі!
Көршіден қазақ қалай қалыса алар?
Жұлдыздай жұмыр Жерге алыс олар,
Алашта тағы да Ұлы Мәртебелі
Танакөз дейтін ару Ханыша бар.
Солармен Күнге, гүлге, тауға
Қайтейін қайран басым дауда қалып, –
Тұр қазір арыстандай жүрегімді
Екеуі алма-кезек жаулап алып…
Екі Ару – екі жұрттың дарасындай,
Екі ұлыс, екі ұлттың да санасындай;
Алпыста екі әйелге еріп барам,
Алаштың алты жасар баласындай!
Әр жыры – заман зары, дәуір басы,
Тәңірі әнінің бір қайырмасы.
Жалған-ай, Юннаның Танакөзден
Аллаға жоқ екен ғой айырмасы.
Жалпының жүріп не бір жиынында,
Жаманға салмадым көз қиығын да.
…Танакөз, Юнна Мориц дейтін екі
Періште отыр екі иығымда.
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *