«Несіне жүрсің зар қағып? –
Деді бір дауыс… сандалып –
Арзан арманға арбалып,
Елесті жүрсің малданып!
Лайық па құрмет, сыйыңа
Өлшеп пе ең сана – өресін?
Кіріп бар сүңгіп миына
Көзіңмен бәрін көресің!»
Адам ба түскен аспаннан,
Қасыма түнде жеткен кім?
Елес боп сонда… сасқаннан
Миыңа сүңгіп кеткенмін.
Шаттыққа толы күлкісі,
Армансыз құшқан асылды,
Бір еркек… бөлек түр-түсі
Көзіме оттай басылды!
Сүйдің сен оны тебіреніп,
Сүйдің сен оны еміреніп!
Аспаның да – бұлт! Жер де – бұлт.
Тұрдым мен сорлы!
Сенделіп…
Төлеген құсап күңіренді
Мойнына сол сұм асылып!?
Сонымен болған күндерді
Жүріпсің менен жасырып!
Сонымен бірге жыраққа
Аттандың азап кештің де.
«Осының бәрін бірақ та
Айтпаймын дедің ешкімге!»
Айтпадың тірі адамға!
«Күнәңді, жаным, кеш!» – деме.
Ақсұңқарұлы Серік