Қайран, шешем…
Дуалы патшалардың тағынан –
Өзің салған ұяны – өз үйімді сағынам.
Әуелетіп әлемі, бұлт бауырын кеп құшып –
Жеті құсың бар еді, – жеті жаққа кетті ұшып…
Қайран, шешем…
Күйіне ойға батсаң не түрлі,
Мынау Жарық Дүние – Құс Базары секілді.
Жасқа толып етегің, тұрсың мұңлық пішінде,
Жеті құстың екеуі жоқ қой соның ішінде…
Қайран, шешем…
Дуалы патшалардың тағынан –
Өзің салған ұяны – өз үйімді сағынам.
Бір ұяда сол кезде жеті құс ек, жеті құс!
Жас боп шықты сор – көзге: қайда кеткен екі құс!
Қой қайырып жүргенде – жетеу жеті елден кеп,
Жетеуіміз жүргенде… сайран еді-ау жер мен көк!
Қиқусыз һәм сайрансыз құс базары тұл екен,
Сол бір екі қайран құс қайда ұшып жүр екен?
Ақсұңқарұлы Серік