Бесіктен біз де беліміз шықпай батыр ек,
Келемін мұнда керемет азап кешіп мен:
Әлжеке, мені Ғафу ет, бізді ғафу ет!
Біздер де кірдік сіздер кіретін есіктен.
Періште емес, көрінбес алтын айдары,
Бұлт кешкен асқақ Алатау сынды ой кешіп –
Жүр мұнда менің жұртымның Пайғамбарлары
Алаштың асқақ Рухыменен сөйлесіп!
Патшалар осы – түспейтін алтын тақтан да,
Ұлыстарының ұлан да ғайыр көлемі.
Тұрғындар… шулап өсекке таңып жатқанда
Туған ел оны жүректеріне бөледі!
Қаралы көштей қара бұлт торлап аспанын,
Қасқайып тұрды қатал тәңірге қарап паң:
Сталин –
Сәкен,
Бейімбет,
Ілиястарын
Әдебиеттегі әдеби иттерге талатқан…
Күңіреніп талай көз жасын ол да көрді үзіп,
Қасарып, бірде жасарып елмен тел өсті.
Ешкімде оны: «Айт!» – десе – қойша өргізіп,
«Шайт!» – десе – қойша жусата алған емес–ті…
Келемін мен де бір ойлар жанды мазалап,
Еркелеп шықтым сол үйден еңсем түсіп кеп.
Халықтан ғана туады екен азамат,
Тұрғыннан кілең пенделер ғана күшіктеп…
Бесіктен біз де беліміз шықпай ақын ек,
Келемін мұнда керемет азап кешіп мен:
Ақсұңқарұлы Серік