Халқына, мүлде, сенбеген,
Арбалып тақ пен алтынға.
Хан біткен қанға шөлдеген,
Қалды сол қарау қалпында.
Молдалар көзсіз сандалып,
Намазға құлап теңселе –
Абайға сенбей… арбалып.
Аллаға ғана сенсе де –
Өлді ұлып өстіп көп пенде
Өмірде болған өтімді.
Сеп болмай шен де, шекпен де,
Өткінші затқа өкінді.
Пыш–пыштар өлді бақырып
Айта алмай соңғы ариясын.
Ішкіштер өлді ақыры
Сарқа алмай шарап дариясын.
Сұлулар өлді сәнімен
Кете алмай жерге ну егіп,
Қор болып шалдың тәнінен
Ләззат емес – у еміп!
Пақырлар өлді – тірлігін,
Өзінше жасап шайқап-ақ.
Ақындар өлді – бір-бірін
Тотықұстайын қайталап!
Өлімнің заңы: «Көн!» – деген,
Шежіре жыр ғып баяндар.
Бәрі де – өлді.
Өлмеген –
Рубайлар, Омар Хайямдар.
Ақсұңқарұлы Серік