Қанатымыз ұша-ұша талғанда,
Енді бізге құлау ғана қалған ба?
Бұл жалғанда сенен асқан ару жоқ,
Менен асқан еркек жоқ бұл жалғанда!
Саған арнап сұлу жырдан гүл өрдім,
Гүл өрдім де тығырыққа – тірелдім.
Рухыңды – бұлдыраған елестен
Өлеңіме айналдырып жібердім.
* * *
Дала – дастан!
Бала жастан оқып өскем сені мен,
Көкпарыңа араласқам құлап аттың ерінен.
Қыз қууда ұлы халық намысына күйгенмін.
Ат үстінен жұлып алып аруыңды сүйгенмін!
Кереметім – кеңдікте! – деп,
Серілікте! – деп ел өсті.
Бұл далаға – ерлік керек, ездік… керек емес–ті.
Басымды оқтан ала қашпан.
Елім ермен – еңселі.
Дала – дастан!
Бала жастан оқып өскем мен сені!..
* * *
Мен сені сағындым көктемде,
Төбемнен жыл құсы өткенде,
Домбыра күйшіге тап болып
Әдемі әуенін төккенде.
Түк те жоқ, өзіңсің санада,
Сағыныш, жалыныш, нала да.
Мен сені сағындым далада,
Мен сені сағындым қалада.
Ақсұңқарұлы Серік