Ғасырлар келеді ұшып оттай жанып,
Құр бәрін жайпап өтіп құныққандай.
Үстіне Шыңғыстаудың тоқтай қалып
Кетті ағып, – тұрып қалмай…
Кетті ағып. Сан жеткісіз – санасаңдар.
Тамам үн соныменен тамамдалды.
Талайлар көмілді де қара шаңға,
Абайлар – аман қалды!
Ғасырлар келеді ұшып оттай жанып.
Түсін де түстеп жөндеп қарамадық:
Үстіне Шыңғыстаудың тоқтай қалып,
Тағы да барады ағып… Барады ағып.
Жаңа жыл жалт қаратып тұңғыш қарға,
Тұрса да алуан іс алдыма кеп,
Келеді жетіп барғым Шыңғыстауға:
«Топырағыңда Абайлар қалды ма?» – деп.
Ғасырлар құсша ұшады. Қарасаңдар –
Керемет мазасыздық келбетінде.
Талайлар көмілсе де қара шаңға
Қалса екен Абайларым – Жер бетінде!
* * *
Саған арнап сұлу жырдан гүл өрдім.
Гүл өрдім де тығырыққа тірелдім.
Рухыңды – бұлдыраған елестен –
Өлеңіме айналдырып жібердім.
Өлеңімсіз бозаң тартар өң кірмей –
Өр кескінің – өзегімнің өртіндей.
Дүниеде менен күшті еркек жоқ,
Бір әйелді алып қалдым өлтірмей!
Ақсұңқарұлы Серік