Қызымын Тастанбектің, атым Сара,
Арман көп, айта берсем, көңілім нала.
Қорғалар көп ішінен бұта таппай,
Шырылдар бозторғайдай мен бір бала,
Еңіреттің ерте бастан, туған елім,
Кір жуып, кіндігімді буған менің.
Кең жатқан Садыр, Матай елдерінен
Бір теңім болмады ма ұлдан менің.
Жеткізіп сабырлықпен ұстап бақпай,
Бәйгеде топқа қосып, тұмар тақпай,
Желкемді көктейінен қидыңдар да,
Бөріге байлап бердің жетім лақтай.
Несіне жасырамын, елім, сенен,
Еріксіз бір жетіммін дертім терең.
Адамдай құтыла алмас қорлық беріп,
Көрдіңдер қанша жазық, жапа менен.
Немді айтам, басымдағы мұңымды айтпай,
Сатылған бір жемтікке құнымды айтпай.
Қаны бір қарындаспын, Арнай аға,
Қарқ қылып қажы берген пұлыңды айтпай.
Елімнің биі де бар Төлібайдай,
Бергеннің біреуі сол мені байлай.
Бәрі де қажы аулының қамын істеп,
Жабысад терідегі шелі майдай.
Елімде батыр да бар Мүсәпірдей,
Жүрген жоқ жағдайымды көрмей, білмей,
Алдында Тұрсынбектің құрдай болып,
Жорғалайд жақсылардың бәрі бірдей.
Мұңымды әнмен айтам жылай алмай,
Қайғыға жастай көрген шыдай алмай,
Өшетін көрінбейді қасірет оты,
Қоржиған Жиенқұлды Құдай алмай.
Бүйтер ме ем болсам егер баласы бай,
Тұрса егер әкем тірі, төрт жағым сай.
Бұлаңдап асау кердей жүрген басым,
Тоқтыдай борышқа кеттім, уа, дариғай!
Мүсәпір күнде алатын елден шауып
Мен үшін бере алмай ма бір ат тауып!?
Неткенің осыншама, Арнай ағай,
Қоя алмай бір тентектің ісін жауып.
Секілді айтпасам дерт арылмайтын,
Жүрек мұз, жаудан қорқып жарылмайтын.
Ағайын Жайсаңбекке жаны ашыса,
Жөн бар ма ед бір тайынша табылмайтын.
Таусылмас сөйлей берсем айтар сөзім,
Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзім.
Шырылдап шынжырлаған жас күшіктей,
Төрт болар құлға барсам екі көзім.
Өлшеу жоқ қиялымнын өрісіне,
Шыдаймын, шығармаймын көбісіне.
Айттырған күйеуіңіз, Арнай аға-ау,
Сыйғандай бір тоқтының терісіне.
Сөйлетті елім мені ұлға балап,
Сатпаймын әнімді мен бұлдамалап.
Мұнымды сендерге айтпай, кімге айтайын,
Қоржиған өл демесең құлға қарап.
«Ақ бата», «Ақ қой қаны» деген атақ,
Әрқашан көлденеңдеп алда жатад.
Дегенде-ақ «Құдай», «Құран»,
Құл боласың,
Қайсыңның бұл қамалға қолың батад?!
Қор болып дінге уланған ел жүрегі,
«Бұйрыққа ылаж бар ма» деп жүреді.
Көзсіз ел көргенсізге жем болғанша,
Суға ағып бір күн өлгім кеп жүреді…
Сара Тастанбекқызы