Паровоз ышқынды,
Вагондарды сүйрелеп.
Сұлтан итін ойлады:
«Қайтады ғой үйге»,– деп.
Жиі-жиі дем алып,
Жер жаңғырта айғайлап,
Заулады кеп паровоз,
«Қайдасың»,– деп майдан жақ.
«Сырттан үйге кетті ме?»
Деген оймен ер Сұлтан
Есігінен вагонның
Қарады да, болды аң-таң;
Көз көрімде, алыста –
Кішкентай боп домалап,
Келе жатыр Сырттаны
Эшелонды қуалап.
Келе жатыр Сырттаны,
Келе жатыр әлі еріп,
Алыстағы сәуледей
Бір жарқ етіп, бір сөніп.
Эшелон кеп тоқтады
Екі-үш сағат жол жүріп,
Жетті Сырттан алқынып,
Бір сүрініп, бір үріп.
Үсті-басы ақ көбік,
Тілі кеткен салақтап,
Солқылдап қос өкпесі,
Есі шығып, алақтап,
Сұлтан мінген вагонның
Сұлап түсті алдына,
Ұлып-ұлып жіберді,
Ышқына дем алды да.
«Сырттан!» деген Сұлтанның
Даусы бір-ақ саңқ етті;
Қарсы ұмтылып Сырттанның
Көзінен от жарқ етті.
«Жібермеймін» дегендей,
Жасы, тері моншақтай.
Екі аяғын Сұлтанның
Жатып алды құшақтап.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ